Get Mystery Box with random crypto!

#prпікір Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің Мөлдір Бақытқа (Ulys | PR туралы

#prпікір
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің Мөлдір Бақытқа (Ulysmedia) премьер-министр Әлихан Смаиловтың журналистермен өткізген “жабық” кездесуі жайлы берген пікірі:
Chatham House Rule, Off the record ережесі бойынша кездесулер көп елде өтеді. Бар практика. Және бұл екеуін екі бөліп қарастыру керек. Біріктіріп жібергендері мен үшін өте қызық. Бұл мүмкін қазақстандық ноу-хау шығар. Ұйымдастырушылар неліктен бұл екі форматты біріктіріп тастады, мүмкін бұл екі форматтың ерекшелігін білмегеннен кейін бе. Мен ол жағын енді нақты білмеймін.

Chatham House Rule-ге келер болсақ, бұл көп жағдайда мемлекеттік органдар, зерттеу орталықтары, коммерциялық ұйымдар түрлі фронттағы, түрлі көзқарастағы адамдардың басын қосып, белгілі бір проблеманы талқылайды. Ең бастысы, адамдар өздерін ыңғайсыз сезінбеуі үшін кездесуге қатысушыларға алдын ала кімнің қандай ой айтқанын айтуға, жариялауға тыйым салынады. Осы ережеге келіскен адамдар кездесуге қатысуға мүмкіндік алады. Ережені бұзған адамдар алдағы уақытта кездесуге қатыспауы мүмкін. Осындай моральдық, этикалық тұрғыда жүктелетін жауапкерішлік бар.

Екінші, Off the record деген бұл көбінесе саясаткерлер мен журналистердің арасындағы екіжақты кездесу. Ол кездесу туралы аты айтып тұрғандай, көпшілік білмеуі керек. Оны кездесуге қатысқан журналист те, саясаткер де жарияламауы керек. Бірақ кейбір жағдайда, мысалы Трамп кезінде «Нью-Йорк Таймс Магазиннің» редакторымен кездесуін жариялап жіберді және онда не айтқанын бұрмалап жіберген кезі болды. Оның артынша редактор оны дұрыстауға тырысты.

Енді Әлихан Смаилов қатысқан кездесуге келетін болсақ, біріншіден ол премьер-министр ашық болғысы келеді, журналистерден қашпайды деген көзқарасты қалыптастыру үшін ұйымдастырылған кездесу секілді. Ол қандай да бір мәселені журналистермен ашық қозғау үшін классикалық түсініктегі Off the record форматында болса, Фейсбуктегі фотоларды көрмейтін едік, бұл туралы естімес те едік. Бірақ бұл көбінесе имидж қалыптастыру үшін жасалған іс-шара сияқты болып көрінеді.

Менің ойымша, осы іс-шарадан көріп отырғанымыздай, премьер-министрдің командасындағы коммуникацияға жауапты қызметкерлердің стратегиялық коммуникациядан хабары өте аз секілді көрінеді. Chatham House Rule, Off the record форматын біріктіріп жібергені мен үшін де өте бір қызық және когнитивті диссонанс туғызған бір формат болды.

Одан кейін стратегиялық коммуникация туралы түсінігі таяз деп отырған себебім, журналистермен жабық кездесу өткенімен, журналистер премьер-министрдің сұрақтарға қалай жауап бергенін айтпағанымен, олардың санасында премьер-министр туралы нақты бір пікір қалыптасады. Яғни, премьер-министр шынайы ма, шынайы емес пе, көтеріліп отырған мәселе туралы біле ме, білмей ме, өзіне сенімді ме, сенімді емес пе деген секілді осындай бір әсер қалыптасады. Оған сол жабық кездесу, бір-ақ кездесу жеткілікті болуы мүмкін. Премьер-министр оған қаншалықты дайындалды, десе де сол премьер-министрдің командасындағы тұлғалар оны ескермеген секілді.

Ең бастысы жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Әртүрлі форматтағы, ағылшын тіліндегі сөздерді қосып, ондай кездесулер дәл қазір Қазақстан жағдайында керек емес. Қазақстанға қазір премьер-министрдің және оның баспасөз хатшысының ашық форматтағы брифингтерді жиі тікелей эфирде өткізіп тұруы маңызды. Қазақстан азаматтарын қаңтар оқиғасына қатысты, Украинадағы соғысқа қатысты, Қазақстандағы экономикалық қиыншылық, кедейшілік, азық-түлік бағасының қымбаттауы, девальвация, инфляция туралы нақты сұрақтар қызықтырады.

Премьер-министр және оның баспасөз хатшысы осыған міндетті түрде жауап беруге тырысуы керек. Ал қалған нәрсенің барлығы тура сұрақтан қашу. Қазіргі форматтағы іс-әркеттерді ашықтық, шынайылық, қарапайымдылық деп бағалауға мүлдем келмейді.
Шалқар Нұрсейіт